Q университетінің қызметкерлері «Қазақстан университеттері – ел дамуының драйверлері» 2025 хакатонына қатысты.
2025 жылғы 29-31 қаңтар аралығында Астанада қазақстандық жоғары оқу орындарының топ-менеджерлері мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдерін біріктірген «Қазақстан университеттері – ел дамуының драйверлері» Hackathon 2025 өтті. Қазақстандағы жоғары білімді дамыту стратегияларын әзірлеуге бағытталған бұл ауқымды шараға «Q» университеті белсенді қатысты.
Hackathon 2025 «Сколково» Мәскеу менеджмент мектебі әзірлеген «FuturEdu Strategy Simulation» симуляциялық ойыны форматында идеяларды генерациялауға, тәжірибе алмасуға және жаңа стратегиялық шешімдерді сынауға арналған бірегей платформаға айналды. Іс-шара барысында қатысушылар ұлттық басымдықтарға сәйкес университеттерді дамытудың жаңа бағыттарын қалыптастырды, мемлекеттік міндеттер, инновациялық саясат пен операциялық үдерістердің өзара байланысын зерттеп, аналитикалық деректер мен тиімділік көрсеткіштері негізінде стратегиялық шешімдер қабылдау дағдыларын шыңдады.
Q университетінің өкілдері хакатонның негізгі міндеттері: ғылыми зерттеулерді басқару, инновациялық қызметті дамыту, халықаралық ынтымақтастық және университеттердің кадрлық әлеуеті бойынша жұмысқа белсенді қатысты. Хакатонға қатысу біздің командаға университет стратегияларын мемлекеттік саясатпен біріктіру тетіктерін тереңірек түсінуге, сондай-ақ университеттің қаржылық тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың жаңа жолдарын табуға мүмкіндік берді.
31 қаңтарда алдағы үш жылға әзірленген стратегияларды қорғау өтті. «Q» университеті білім беру, ғылыми және халықаралық ортада университеттің позициясын нығайтуға бағытталған өзінің тұрақты даму тұжырымдамасын ұсынды.
Біз Hackathon-2025 ұйымдастырушыларына осы айтулы оқиғаның бір бөлігі болу мүмкіндігі үшін алғыс айтамыз және алынған білім мен тәжірибе Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін дамытуға үлес қосуымызға көмектесетініне сенімдіміз! 🚀