Q University Logo
Құқық

Жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу тақырыбындағы телемост

Жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу тақырыбындағы телемост

ByAdministrator10/9/2026

2026 жылғы 8 қазанда «Құқық» академиялық мектебінде «Құқықтану» және «Психология» білім беру бағыттарының студенттері мен Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №11 мекемесінде жазасын өтеп жатқан кәмелетке толмаған сотталғандар арасында онлайн форматта телемост өтті.

Іс-шараны «Құқық» мектебінің заң ғылымдарының кандидаты, доценті Өмірзақов Ермек Ануарбекұлы ұйымдастырды. Кездесу жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, құқықтық сауаттылық деңгейін арттыруға, сондай-ақ заңнама талаптарын сақтауға жауапты көзқарасты қалыптастыруға бағытталды.

Кездесу барысында қатысушылар жастар арасында құқыққа қайшы мінез-құлықтың алдын алу мәселелерін талқылады. Кәмелетке толмаған сотталғандар өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, өздері жасаған құқыққа қайшы әрекеттер, оның ішінде есірткі құралдарының заңсыз айналымына және жеке адамға қарсы қылмыстарға байланысты құқық бұзушылықтар туралы, сондай-ақ қылмыстық жазаны өтеу жағдайындағы өмірі мен болу ерекшеліктері туралы айтып берді.

№11 мекеменің әлеуметтік-психологиялық тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы, әділет майоры Талапбаев Бағдат Шарафатұлы құқыққа қайшы әрекеттер жасаудың құқықтық салдарына және заңнама талаптарын саналы түрде сақтаудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Сонымен қатар, ол студенттерге қылмыстық-атқару жүйесі қызметінің негізгі бағыттары және кәмелетке толмаған сотталғандарға қатысты қылмыстық жазаны орындаудың ерекшеліктері туралы ақпарат берді.

Кездесу аясында қылмыстық-атқару жүйесі органдарына қызметке орналасу мәселелеріне арналған кәсіптік бағдар беру жұмысы да жүргізілді. Департамент өкілдері студенттерге қызметке қабылдану тәртібі, қолда бар бос лауазымдар, біліктілік талаптары, кәсіби және дене дайындығына қойылатын талаптар, қажетті құжаттардың тізбесі, сондай-ақ көзделген әлеуметтік кепілдіктер туралы ақпарат берді.

Қызмет өткеру мүмкіндіктері мен кандидаттарға қойылатын талаптар туралы ақпаратпен №11 мекеменің кәсіби және дене дайындығы жөніндегі аға инспекторы, әділет капитаны Болатова Шарапат Асхатовна сөз сөйледі.

Мұндай іс-шараларды өткізу жастардың құқықтық мәдениет деңгейін арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, құқыққа сай мінез-құлық пен жеке жауапкершілік мәселелеріне саналы көзқарас қалыптастыруға, сондай-ақ студенттердің кәсіптік бағдарлануына және мемлекеттік қызмет мүмкіндіктері туралы ақпараттандырылу деңгейін арттыруға ықпал етеді.